Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
желісін дамыту жөніндегі 2010 жылға дейінгі бағдарламаны бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 қазандағы № 914 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 30 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 «Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Су ресурстарын, жануарлар дүниесін сақтау және оңтайлы пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісін дамыту жөніндегі 2010 жылға дейінгі бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Министрліктер мен ведомстволар, облыстардың әкімдері Бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бағдарламада көзделген іс-шаралардың орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жылдың қорытындылары бойынша 10 ақпаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысына жүктелсін.
6. «Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 қазандағы № 990 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 37, 415-құжат) күші жойылды деп танылсын.